«Ниет» қайырымдылық қорының акциясы

Ел Президенті жария еткендей Еріктілер жылы аясында игі істер Бесқарағай ауданында белсенді түрде жүзеге асырылуда. Шығыс Қазақстан облысы әкімі Даниал Кенжетайұлы Ахметовтың тапсырмасын орындау мақсатында аз қамтамасыз етілген, көп балалы отбасыларға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға қайырымдылық көмек көрсету жұмыстары жүргізілуде.
Бесқарағай аудандық мәдениет үйінде «Ниет» республикалық қорының Семей филиалымен Бесқарағай ауданы әкімдігінің бірлесе ұйымдастыруымен қайырымдылық акциясы өтті. Ауданның ауылдық округтерінен 85 отбасы (423 адам) қайырымдылық көмекке ие болды. Акцияға мемлекеттік және қоғамдық ұйымдар, аудандық мәслихат депутаттары, аудандық аналар кеңесі, этномәдени бірлестіктердің мүшелері, қоғамдық пікір жетекшілері, ауданның еріктілер қозғалысының мүшелері, аудан жастары қатысты. Шара Мәдениет үйінің әртістері мен белсенді жастармен ұйымдастырылған ертегі кейіпкерлерінің және көңілді қуыршақтар мен балалар арасында жүргізілген ойынмен басталды. Залдың іші күлкі мен қызықты ойындар кезінде балалардың шаттықты дауыстарына толды.
Аудан әкімі Шалқар Заманбекұлы Байбеков акцияға қатысушыларды құттықтап, «Ниет» қайырымдылық қорына көрсеткен қызметі мен қайырымдылық көмегі үшін алғысын білдіріп, филиал директоры Айдос Серікқалиұлына алғыс хат табыс етті. Сахнаға отбасылар шақырылып, оларға әкелген сыйлықтар (куртка, жемпір, шалбар және тағы басқалар) берілді. Акция балалар би топтарымен дайындаған шығармашылық нөмірлермен аяқталды.


Білім беру бөлімінің басшысы С.Омарғазин