«Мейірімді жүрек» қайырымдылық акциясы

2020 жылдың 12 ақпаны күні «Бесқарағай ауданының тілдерді оқыту орталығы» КММ еріктілер жылы аясында «Мейірімді жүрек» қайырымдылық акциясына қатысты. Акцияның мақсаты: жас ұрпаққа адамгершілік, ізгілік, қамқорлық, қайырымдылық сияқты асыл қасиеттерді көрсете отырып, тәрбиелеуге үйрету.
Мейірімділік – адамның өзге біреуге жылылығын, ізгі ниеті мен лебізін білдіру көрінісі. Мейірімділік адамдар арасындағы сыйластық, кең пейілділік, жанашырлық, ізгі ниет секілді қасиеттерге негізделеді. Осы ізгі қасиеттерді негізге ала отырып, ауданымыздың еңбек ардагері Ислямова Низикуль апамыздың үйіне барып, үй шаруасына көмектесіп, қажетті азық-түлік заттарын көмек ретінде табыстадық. Бізді құшақ жая қарсы алған Низикуль апамыздың жүзі жадырап, қуаныштан құлпыра жөнелді. Соғыс жылдарында көрген қиыншылықтарымен бөлісіп, өзімізді әңгімеге тартты.
Осындай құрметке риза болған Низикуль апамыз өз алғысын білдіріп, тілегін айтып, батасын берді.
Қарттарымыз қашанда аман болғай!


Тілдерді оқыту орталығының директоры А.Аменова